Білім мен тәрбиенің ақ ордасы

Тамырын тереңнен тартқан білім ордасы

 

Білім бесігі! Киелі орда! Білім нұрын шашыратып, алқабын кеңге жайған көне орда! Тарихтың көзі, тарлан дарабоздардың ізі қалған құтты орда. Білім ордалары – мектептер, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындары көп. Бірақ солардың ішіндегі ең маңыздысы – халық шаруашылығының түрлі салаларында жемісті еңбек етіп, қоғамда өзіндік орны бар тұлғаларды тәрбиелеп шығарған, тарихы ғасырды еңсерген, іргесі мықты білім ордасына айналу. Іргетасы қаланғаннан бері талай қиын да күрделі замандарда уақыт сынынан сүрінбей өткен мектебіміздің ғасырлық тарихы келешек ұрпаққа өнеге болатындай құндылықтарға ие. 1968 жылы салынған білім ордасы тереңнен нәр, биіктен нұр емген Ыбырай Алтынсарин есімін иеленген ордалы ошақтың арманы асқақ, мақсаты айқын, тұғыры биік.                   


Мектебімізде іске асырылып келе жатқан педагогикалық технологиялар білім сапасын көтеруге бағытталып, ұстаздар мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау ұстанымы қалыптасқан.  Соңғы үш жыл ішінде мектебіміз  мемлекет тарапынан сапалы жабдықтармен толықтырылып жатыр. Бүгінгі күн талабына сай жабдықталған мультимедиалық, биология, химия, физика және математика пән кабинеттері оқытудың көрнекі құралдары мен дидактикалық материалдары, электрондық оқулықтарына толы. Мектебімізде ғаламтор жүйесі іске қосылған.


«Білім-теңіз, түбі де жоқ, шегі де жоқ» деп атақты ғұлама Ж.Баласағұни тегін айтпаса керек-ті.  Қазіргі жаһандану заманында білімге деген талап күшеюде. Осы орайда мектебімізде де білім алудағы талап күшейтіліп, заманауи технологиялармен жұмыс жасалып, әр күннің өзі үлкен жаңалықтармен келуде.


Білім алу – әр адамның міндеті. Олай болса, білім – бүгін-ертең таусылмайтын қазына деп түсінуіміз қажет. Киелі қара шаңырағымыздың осындай біліммен кенделіп, толассыз табыстарға жетуіне ардақты ұстаздарымыздың еңбектерімен көрініс береді. Атап айтатын болсақ, Б. Х. Измагамбетова,  Ә. А. Бирниязова, Г. К. Исамбаева, К. С. Абдрахманова, К. Н: Кушалиев, Г. Б. Шапикова,  Л.Х.Аюпова, Г.Б.Хайрамбаева, Г. Т. Адилова, Г. У. Ташенова, С. У. Усенова сияқты мүғалімдеріміз облыстық, республикалық олимпиадаларға, ғылыми жоба жырыстарына өз шәкірттерін қатыстырып, жүлделі орындарды иеленуде. 


Ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында нәтижеге бағытталған білім беру сапасын дамытумен қатар, құзырлық білім үлгісіне өту, жаңа педагогикалық технологияны оқып үйрену төңірегінде әдістемелік оқулар, семинарлар, педагогикалық сайттармен жұмыстану, педагогикалық басылымдарға мақала, шығармашылық жоба құрастыру, жеке мұғалімдермен де әңгіме – сұхбаттар жүргізу, мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін дамыту мақсатында курстардан өткізілді. Жыл сайын шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің аудандық семинарларында мұғалімдердің іс-тәжірибелері таратылып келеді.


Жаңашыл  ғылыми  өміршең   кезеңге  бағыт алған  жылдар  толқыны  да өз жемісін беруде. Сондықтан мектебіміздің ардақты ұстаздары сапалы білім алған, танымдылығы жоғары, құзыретті, бәсекелестіктің қайсыбір мықты тегеурініне төтеп бере алатын  тұлға дайындау жолында зор жауапкершілікті сезініп, кәсіби жағынан  шыңдалып,  теңдік пен еркіндіктің белгісіндей тіліміздің туы биік, тұғыры жоғары болуы жолында   уақыт   талабынан   шығып жұмыстанады. Мектепте «Сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары», Ж.Караевтың «Үшөлшемді деңгейлеп оқыту», Ф.Я. Вассерманның «Биоақпараттық және синергетика» технологиялары мен Кембридж бағдарламасы бойынша деңгейлік курстан өткен мұғалімдер жұмыстануда.


Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»- дегенін барлығымыз білеміз. Бүгінгі жас маман – ертеңгі ұлағатты ұстаздардың орнын басатын, олардан үлгі алатын, шәкірттердің сүйікті ұстазына айналатын тұлға болуына мектеп ұжымының да ықпалы зор. Мектебімізде жас мамандарды қолдау, әдістемелік көмек  көрсету мақсатымен «Жас ұстаздар мектебі» өз жұмысын жоғары деңгейде атқаруда.


Қазіргі уақытта өмір ағымымен шыңдала отырып, өз білімдерінің арқасында еңбек етіп ел қалаулылары атанған шәкірттерімізбен мақтана аламыз. Мектеп атын дарынды оқушылар шығарса, білім сапасы «Алтын белгі» иегерлері мен үздік оқушылар арқылы анықталады. 2000-2018 жылдар аралығында мектептің 6 түлегі «Алтын белгі» иегерлері және 12 түлегі ерекше үлгідегі үздік аттестат атағына ие болды.


«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші оқу ордасы «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» шәкірттерге білім мен тәрбиені егіз беріп отыр. Бұған дәлел - мектеппен бірдей жұмыс істеп келе жатқан мектеп жанындағы интернат. 2013 жылы 50 орындық интернат күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа заман талабына сай жасақталып, интернат тәрбиеленушілерінің білім алуына жан – жақты жағдай жасалған.

 
«Ақыл – тозбас тон, білім – таусылмайтын кен» дегендей біліммен қаруланған ұрпаққа жарқын болашақ сыйлап, білім шыңына жетелей бермек! Ендеше, ордалы білім ошағының ұлы жолына үңіле қарап, үлгісінен сабақ алыңыздар!